Жаңалықтар
Ахмет Ясауи университеті-әлемдік QS рейтингінде
Ахмет Ясауи университеті-әлемдік QS рейтингінде

Университетіміз QS World University Rankings – әлемдегі ең ықпалды әлемдік университет рейтингісінде бұрын-соңды болмаған нәтижені тіркеді. Бұл рейтингке әлем бойынша 2462 университет қатысып, соның ішінде 1422 жоғары оқу орнына баға берілді.

Ахмет Ясауи университеті жыл сайын маусым айында жарияланатын беделді халықаралық үздік университеттер рейтингі QS World University Rankings 2023 бойынша биыл 714-ші орынға шығып, ең үздік 1000 университет қатарына алғаш рет енді.

QS World University Rankings жоғары объективті болып саналады, өйткені барлық мәліметтер мен рейтингтің әдістемесі сыртқы аудит үшін қол жетімді. QS рейтингінде бағалау — Академиялық бедел көрсеткіштері, Жұмыс берушілер алдындағы беделі, Студенттер саны мен оқытушылар құрамының ара қатынасы, Ғылыми жарияланымдарға сілтемелі басылымдар, Шетелдік оқытушылар мен студенттердің үлесі, яғни халықаралық ынтымақтастық сияқты алты критерийге негізделген.

Осы жағымды жаңалықтың алдында ғана, көктем айларында Ахмет Ясауи университеті әлемнің ең үздік университеттерінің пән бағыттары бойынша бірден үш рейтингке қатарынан енген болатын. «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» (Arts & Humanities) салалық рейтингінде 362-ші орынға, «Заманауи тілдер» (Modern Languages) пәндік рейтингінде 211-ші орынға, «Білім және оқыту» (Education and Training) пәндік рейтингінде 308-ші орынға көтерілді. Соңғы кезеңдерде Ахмет Ясауи университетінің білім беру, ғылым, мәдени-әлеуметтік бағыттағы әлеуеті елеулі артты.